Студопедия

КАТЕГОРИИ:

АстрономияБиологияГеографияДругие языкиДругоеИнформатикаИсторияКультураЛитератураЛогикаМатематикаМедицинаМеханикаОбразованиеОхрана трудаПедагогикаПолитикаПравоПсихологияРиторикаСоциологияСпортСтроительствоТехнологияФизикаФилософияФинансыХимияЧерчениеЭкологияЭкономикаЭлектроника


Бүгінгі жастардың тіл жұтаңдығының себептері неде?




Азіргі жастардың тіл мәдениеті

Резюме

Вданной статье идет речь о современном молодежном сленге

It is about youth slang words in this article

 

Тіл—қарым-қатынас құралы, адамның ой өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып кеткен емес.

Тіл мәдениеті—кез келген тілге қойылар маңызды талаптардың бірі. Халқымыз ауыздан шыққан әрбір сөзге абай болып, ойланып барып сөйлеген. Абай атамыздың: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп кеткен сөзі бүгінгі таңда да өзінің өзектілігін жоймай отыр.(1,20)

Бүгінгі жастардың тіл мәдениеті соңғы жылдарда әр қырынан талданып, зерделенуде. Дегенмен, жастардың сөз мәдениетіне қажетті деңгейде назар аудару, зерттеу, тексеру—қазіргі тілтану ғылымының өзекті мәселесі.Сөйлеу мәдениетіне үлкен мән берген Абай атамыз:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,-дейді.

Кез келген халықтың тарихына үңілсеңіз де, өнер алды саналатын қызыл тілге, шешендік өнерге байланысты небір керемет асыл сөздерді табасыз. Шешендік өнерге биік парасат, жоғары мәдениеттілік керек. Ал мәдениеттілік тілмен тығыз байланысты.

Тіл мәдениеті ғылымын ауызша сөйлеу мәдениеті және сөз қолдану—жазу мәдениеті деп бөлуге болады.Ауызша сөйлеу дәстүрін жандандырып, шешендікке үйрету—тіл мәдениетінің басты мәселелерінің бірі.Бұл күнде шешендік сөздің ролін көтеру—тіл мәдениетін көтерудің бір шарты, өйткені соңғы кезде топ алдында дұрыс, әсерлі, әсем сөйлеуге жөнді мән берілмей, босаңсып кеткен жайы бар.

Мәселен,бүгінгі таңдағы жастарымыз мүлдем батыстанып бара жатқан тәрізді.Олар қазақ халқының сөз кестелерін бұрмалап, елден ерекше көрінгілері келе ме, шетелдің жаргон сөздерімен сөйлеуді күнделікті әдетке айналдырып алған. Қазақ халқы қашан да сөзге шешен, суырып-салма, дұшпанын бір ауыз сөзбен тойтарып отырған емес пе?! Бүгінгі жастардың сөйлеу мәдениеті мүлде өзгеше дәрежеде, жастарымыздың бір ауыз сөздің өзін кібіртіктеп, тұтығып барып әрең жеткізетініне бәріміз де куә болып жүрміз. Сөйлеу барысында жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шеттен тыс көп пайдаланып, оның үстіне қазақша қосымша жалғап, тіпті тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендері бар.

Сөз құрамы—ғасырлар бойы жасалып, қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан бай қазына, қасиетті мұра. Әр ұрпақ оны қадірлеуге, құрметтеуге міндетті.

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»(7.10) дегендей, кешегі социалистік дәуірде қысым көрген ана тіліміз өшіп кете жаздап, халқымыз да жойылып кететіндей көрініп еді. Қазақ мектептері, балабақшалары жабылып, орысша оқыған заманның әсерінен қаншама «қара көздердің» бүгінгі ұрпағы да ана тілінен жұрдай.

Бұған заман кінәлі дегенімізбен, еліміз егемендік алғалы да жиырма жыл болып қалды ғой. «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін»- деп Елбасымыз өзі де үлгі көрсетіп, теледидардан ұлттық тілімізде сөйлегенімен, көптеген замандастарымыз ана тілінде әлі күнге дейін толық сөйлеп жүрген жоқ.

Ана тілін білмеген

Ақысы жоқ желікбас.

Ана тілін сүймеген

Халқын сүйіп жарытпас,

-дегендей ана тіліміздің қадірін кетіріп, шұбарлап сөйлеп, арды да шұбарлауда. «Арым—жанымның садағасы» деп кеткен ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының бұл жағдайы, әрине, ұнамсыз екені хақ.

Сөз—тіл мәдениетінің басты белгісі. Ұлы Абай атамыз: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген екен.(1.50)

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» сөзге мынадай анықтамалар берілген:

  1. Сөз—белгілі бір мағынасы бар заттар мен құбылыстардың атауын білдіретін тілдің негізгі единицасы. Мысалы: Ұғым мен сөзді бір деуге болады. (С.Мұқанов)
  2. Бір нәрсе жайында айтылған әңгіме. Мысалы: Айта жүрсін сөзімді әңгіме ғып маңайым. (Жамбыл Жабаев)
  3. Жиналыста көпшілікке қаратып айтылатын пікір, мәлімдеме, деректі ақпар. Мысалы: Сөз сөйлеу-өнер. (Қ.Қазыбаев)
  4. Әнге арналған өлең мәтіні. Мысалы: Ән сөзі әркімге аудармасыз-ақ түсінікті сияқты. (С.Сейітов)

Бұл анықтамалардан әр тілдің өзіне ғана тән, өзге тілден ерекшелендіретін басты белгісінің барын көріп, яғни сөйлеу мәдениеті кемеліне келген тілдің басты көрсеткіші екендігін аңғарамыз.

Олай болса, біздің міндетіміз—осы сөздің сынын бұзбай, сырын кетірмей жеткізу, бояу реңкін әлсіретпей, күш-қуатын кемітпеу. Халықтың сөз байлығына ие болумен қатар, сол байлықты кәдеге дұрыс жарата білу керек.

«Тіл мәдениеті дегеніміз—сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дәл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық»- дейді М.Балақаев. (2 .17)

«Тіл мәдениеті дегеніміз-ғылым, сөзімен айтсақ, лексикалық, грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық нормаларды ұстану, ол заңдылықтарды бұзбай, жетілдіре, орнықтыра түсу»- дейді ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Р.Сыздықова.

Бүгінгі таңда жазу мәдениеті зерттеліп, зерделеніп жатса да, жалпы сөз мәдениетін, сөз мұрасын дұрыс қолдануды насихаттау жағы әлі де болса баяу жүргізіліп жатыр. Әрбір көкірегі ояу адам өз тілінің қадір-қасиетін биіктете отырып, өз тіліміздегі ақсаңдап жүрген сөз мәдениетін жақсартуға үлес қосу қажет.Ал ең бастысы, сол тілімізді тек өзіне ғана тән ұлттық сипат белгілерін сақтай білу—бүгінгі парыз, ертеңге аманат.

Сөз—мәдени-ұлттық сипат белгісінің бірі. Онда сөздерді дұрыс айту, орфоэпия заңдарын және сөз сазын, әуенін өз ырғағымен дәл жеткізу әдістемесін сақтау да үлкен рөл атқарады.

Сөз мәдениеті—әдеби тілдің ауызша тілде қызмет етуі, ал сөйлеу мәдениеті—тілді дұрыс қолдана білу.Үндесіп айтылғанда қазақ сөзінің құлаққа естілер әуен-ырғағы таза табиғи болып шығады.

Мысалы, мына сөйлемді тізбектеп, жазылуы бойынша орфографиясын сақтай оқысаңыз, әрине қазақы мәнер де, әуен де жоқ, «тірі» емес, «өлі» дыбыс естілер еді:Ұлы ақынымыз Абай шығармаларына шолу жасасақ, надандыққа қарсы ғылымды, алауыздыққа қарсы-білікті, жауыздыққа қарсы әділдікті жыр еткендігін көреміз.(Қ.Жұмалиев)

Дұрыс айтылуы: Ұлақынымыз Абайдың шығармаларына шолу жассақ, / надандыққа ғарсы ғылымды,/ алауыздыққа ғарсы бірлікті, жаұуздыққа ғарсы әділдікті жыр еткендігін гөрөмүз. (Қ.Жұмалиев)

Басқа ұлт өкілдерін тілге үйреткенде осындай сірескен дыбыстарды «сіңіртуге» тырыссақ та, өзіміз солай сөйлесуімізді не деуге болар еді?

Қазақша сөйлегенде дыбыстардың үйлесіп, үндесіп айтылуын қатаң сақтауымыз міндет. Қазақ тілінің фонетикалық жүйесінің табиғи тәртібін, үндестік заңын дұрыс қолдану—сөз мәдениеті сақталуының бір көрінісі. Бұл көрініс сақталмаса, ерте ме, кеш пе тілдің сөйлеу нормасынан айрылатыны сөзсіз.

Қазақ әдеби тілінде сөзді ауызша дұрыс айтуда ескерілетін маңызды мәселенің бірі—сөз екпінін, сөз ырғағын (ритмикасын) сақтай білу, яғни сөйлеу барысында сөздердің екі-үштен топтасып,бір екпінмен айтылатындығына көңіл бөлу де тіл мәдениетінің бір көрсеткіші. Сөз тіркесіне түсетін дауыс екпіні -фразалық екпіннің ролі зор. Тіркес екпіні (ритмикалық екпін) немесе фразалық екпін (логикалық ой екпіні) тәрізді мағына ажыратқыш қасиеті бар, әрі ой дәлдігін айқындар екпін түрінің бірі.

Немқұрайлықтың, мән бермеушіліктің кесірінен тілді түсінетін өзіміз де дұрыс сөйлей алмай жатамыз. Бұл тілдің өміршеңдігіне, қасиет-сапасына нұқсан келтірер жайт.

«Сөз болмаса, сөз бен адамзаттың бірін-бірі ұғынуы болмаса, жер жүзіндегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді. Қысқасы, жан көріністернің ең қымбаттысы-ой.Ой тілі-сөз»- дейді М.Жұмабаев (7,114). Ал Ғ.Мұстафин «Сөз құдіреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп көрсете алады... Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды тастай ете алады». (11, 213)

Сөз құдіретіне биік талғаммен қарау аз, биік талаппен де келу керек. Баспасөз, электронды бұқаралық ақпарат құралдары сөз мәдениетіне аса жауаппен қарауы тиіс. Тіл көрініс беретін орта—театрымыз бен теледидарымыз, сондай-ақ әнші-актерлеріміз, тіпті қарапайым жұртшылық та сөзді қазақи сазына келтіріп, дұрыс айта білуі—міндет. Радио мен теледидар көп ретте әдеби тілдің нормасын танытатын үлгі болып қабылданады, сондықтан ауызша сөйлеушілерге, топ алдына шыққан шешендерге соңғы талап-қазақ тілінің орфоэпиялық заңдылықтарын сақтау талабы қойылады. Шешендік өнер қашан да халықтың қоғамдық-әлеуметтік өміріне, саяси-экономикалық жағдайларына байланысты дамып, кемелденіп отырған.

Шешендік сөздер мазмұны мен түрі жағынан біркелкі емес. Оның үстіне бұл жерде де қазақтың шешендігін екі дәуірге бөліп қарау керек: байырғы және қазіргі.

Советтік дәуірге дейінгі шешендік сөздерді шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп жіктейді. Бұл топтастырулар шешендіктің формасына қарай қарастырылса, бұрынғы шешендік сөздерді әлеуметтік-саяси мазмұнды, әлеуметтік-тұрмыстық мазмұнды, билік мазмұнды сөздер деп бөлуге болады.

Ал қазіргі кездегі шешендер сөздері тақырыбы, нақты мазмұны мен айтылу тәсілдері жағынан бұл классификациядан әлдеқайда өзгеше келеді. Бүгінгі таңда шешен түрде сөйлеушілердің топтары: лекторлар, үгітші-насихатшылар, оқытушылар т.б.көбейген сайын шешендік сөздердің жоғарыдағы белгілерге қарай ажыратылуы да байқалады.

Мысалы, қазіргі әкімшілік, т.б.ортада өтетін отырыстарда сөйленетін сөздердің мазмұны мен баяндау стилі жоғары оқу орнында белгілі бір пәннен оқылатын лекциядан өзгеше болады.

Кешеңдеу қолға алынса да,теориялық мәселелері енді зерттеле бастаған тіл мәдениеті ғылымы бүгінде мақсаты мен мазмұны,объектілері мен салалары біршама айқындалып, қазақ тіл білімінің негізгі бір саласына айналып отыр. Білім мен өнердің тілі, әдебиет пен мәдениеттің тілі ана тілін ардақтату, оның мәдениетін көтеру, беделін арттыру-ұлттық мемелекеттік көлемде қойылып отырған мәселе.

Тіл мәдениетінің мазмұн-мағынасы-әдеби тіл, оның нормалары, ал негізгі арқауы-тілдік норма. Тілдік норма тілдің ішкі заңдылықтары негізінде қалыптасып дамып отырады.

Тіл мәдениетінің басты талабының бірі-тілдің, халықтың қасиетін дамыту, ана тілінің байлықтарын талғам елегінен өткізіп, молынан әдеби тілге енгізу.

Осы орайда «Кен байлығы жерде, сөз байлығы елде» екенін білетін ақын-

қазіргі жастардың күнделікті қалыптасып қалған тіл мәдениетінен мысал келтіре берсе, бастан асарлық. Айталық, бұрынғы «ата» деп сәлем беретін жас бала да атасына «аташка», әкесіне «папаша», анасына «мамуля» деп мойындарына асылады. Иіліп сәлем беретін жас келіндер «здрасти, сәлем бердік» дейтін дәрежеге жеттік. Ең сорақысы ана омырауындағы сәбиінің сәт сайын еститіні «Айналайын, құлыншағым» деген қазақы ана жүрегінің жылуы емес, өзге тілдегі «сыночек», «дочка». Онымен қоса, тілі енді ғана шығып келе жатқан балаға үй бөлмелерінің қазақша баламасын ұмытып, тегістей орысшаға аударып түсіндіреді. Жастар бір-біріне «жарасымды киініп алыпсың», «өзіңе құйып қойғандай» деудің орнына «тема киініп алыпсың» дейді. Жас жігіттер келбетті, ажарлы қыздарды көрсе болды «өзі жынды қыз екен» дейді. Мұны қалайша түсінуге болады? «Жындылығын» көріп алып «сындырмаймыз ба?» деп салады. Енді осындағы «жынды» деген сөздің лексикалық мағынасы артқы етегін басына киген, есі ауысқан науқас адам дегенді білдірмеуші ме еді?! Бірнәрсеге таңырқағанда құлаққа «пай-пай», «шіркін-ай» деген сөздердің орнына «е-мое», «ешкин свет» деген сөздерді естисің. Бірнәрсеге алаңдап, өзіңді қоярға жер таппай тұрсаң «неге потеря болып жүрсін» дейді ғой.

Мектепке дейінгі кезеңде бала тілінің қалыптасуына ересек адамдардың сөз мәдениеті әсер етпей қоймайтынын білеміз. Бала оларға еліктеп, өз бетімен сөз шығаруға талпына бастайды, ол басқа балалардың. тіпті үлкендердің сөзінде байқалған қателіктерді көргісі келеді.

Отбасында баланың сөйлеу әрекетінің дұрыс қалыптасуына жеткілікті көңіл бөлінсе, мектепке келгенде оңай хат танып, үлгерімі жақсы болады. Осындай балалардың тіліндегі сөз қоры 4000-ға дейін жетеді. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп оқушыларының сөз әдебі ата-аналар мен тәрбиешіліердің ерекше көңіл бөлетін мәселесі.

Баланың сөйлеуі мектепке дейін тек қарым-қатынас ролін атқарса, мектепте жүргенде білім жүйелерін меңгерудің негізгі құралы қызметін атқарады.Сауат ашу,оқып-жазуға үйрену,мектепке дейін өз бетінше меңгерген ана тілін енді арнаулы пән ретінде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан) оқып-үйрену бала тілінің дамуына бұрын-соңды болып көрмеген үлкен өзгерістер енгізеді. Тілді меңгеру барысында баланың сөйлеу ерекшіліктері онан сайын жетіле, дами түседі.

Жазбаша сөйлеу-баланың тіл мәдениетінің дамуына ерекше ықпал жасайтын қуатты фактор.Мектеп есігін атағаннан бастап бала жазбаша сөйлеуді меңгеруге белсенді кіріседі. Баланы жазуға үйрету-бастауыш мектептегі оқудың, пайызға шаққанда, жартысына жуығын алады. Өйткені жазу техникасын меңгеру психологиялық тұрғыдан өте күрделі процесс. Бастауыш мектеп оқушыларының ауызекі сөзі мен жазбаша сөзін салыстыра зерттеу-көптен қолға алынған жұмыс.Ертеректе жүргізілген осындай зерттеудің 1-інші, 2-нші, 3-інші сынып оқушыларының жазба сөзі ауызша сөйлеуінен сан жағынан да, сапа жағынан да кейін қалып отыратындығы, олардың сөздік қорында зат есім мен етістіктердің көп ұшырасатындығы (60%-дан артық), сөздік қоры жеткілікті дамыған балалардың жазу жұмыстары да жоғары болатындығы байқалған.

Ауызша сөйлеуде бастауыш сынып оқушыларының сөздік қоры аз,өйткені қазіргі кездегі шетел ойындары мен мультфильмдеріндегі орыс тіліне аударылған сөздерді қолданады. Бұдан нені байқаймыз? Біз бастауыш сыныптардан бастап оқушыларға тілдің тек теориялық курстарын оқытуға басымдылық береміз де, сөйлеу тілін қалыптастыру мәселесін кейінгі орындарға ысырып тастаймыз. Бүгінгі күндегі жас буынның ана тілінде жұтаң сөйлеуінің түпкі себебі осында жатыр.Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі балалар арналған шығармалар да сын көтермейді. Іші көнерген сөздермен толып тұрған кітапты бүгінгі жас балғын оқып, түсіне ала ма? Әрине жоқ. Басын оқып, өзіне таныс емес сөздер екендігін көрсе болды, жауып тастайды.

менсінбеушілер көбінесе қала қазақтары. Неге дейсіз ғой? Өйткені кез келген адам тіл арқылы дүниені таниды, ал олар орыс тілді балалар мәдени кеңістіктің өкілдері болып кеткен. Оларда тілді мәжбүрлеу құдіреті бар, олар жас кезінен сол тілді игергендіктен соның құзырынан шыға алмай қалады.

Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің тез айналысқа түскенін бәріміз де қалаймыз, бірақ бүгінгі күннің ащы шындығы сол-мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуына басқа-басқа емес, өз ұлтымыздың үлкен-кішісі салғырт қарайтын сыңайлы.

Жастардың арасында жүргізілген тренинг бойынша, олардың арасында жаргон сөздер мен дисфемизмдерді өте көп қолданатын мектеп оқушылары болып шықты:

 

Кестеден көріп отырғанымыздай, жаргон сөздерді көбінесе жоғары сыныптардағы оқушылар қолданады екен (65%), одан кейінгі орында 7-8 сыныптар (20%), үшінші орында 5-6 сыныптар (15%).

Бүгінгі жас ұрпақтың күнделікті тіл мәдениетінен мысалдар келтіретін болсақ, қазіргі жастар кәмелеттік жасқа толғанда куәлік аларда есімінде ә, ө, і, ү, ұ, қ секілді қазақтың төл әріптері кездессе, оны кириллицаның әрпіне ауыстырады. Соның нәтижесінде Әмина—Амина болып, Жібек—Жибек, Ұлпан—Улпан, Қарлығаш—Карлыгаш болып өзгертіліп жатыр.

Өзге ұлт өкілдерінің немесе ана тілімізге шорқақ қандастарымыздың қазақ сөздерінің бірінші буынындағы «о» әрпін «а» деп айтатын әдеті бар. Мысалы, зейнетақы жинақтау қорларының бірінде қызметкерлер «қорғау» деген жинақтаушы зейнетақы қорын «каргау» деп айтатын көрінеді. «Қарғау» деген—біреуге жамандық тілеу, ал «қорғау» деген қорған болу дегенді білдіреді ғой. Мағыналары біріне-бірі мүлде ұйқаспайды.Мұндай мысалдар айта берсе бастан асып жатыр. Мысалы, Оразды «Араз», Тоқтарды «Тактар», Омарды «Амар» деп айтқанға әбден үйреніп кеттік. Тағы бір мысал, кейбір сауда орталықтарындағы, мекемелердегі, көше аттарындағы да «о» әрпі «а» болып айтылып жүр. Кез келген қалада «Достық», «Көктем» деген секілді мекеме аттары кездеседі. Бұларды сол қаланың тұрғындары, әсіресе жас тұрғындары «Дастык», «Кактем» деп өзгертіп алған. Екібастұзды «Экибастуз» деп жақ қарысқанша созғанды жанымыз сүйеді. Арғымақ деген қазақтың сөзі мекеме аттарында «Аргамак» деп жазылып жүр. Қазақтың әп-әдемі Ілияс деген есіміне орыстың –ик жұрнағы қосылған «Ильясик» деген дүкен де бар екен.

Студенттердің өздерінің сөйлеу дағдысына айналған сөздері көп. Олар оқу ғимаратында жүріп және дәріс сабақтарында, кітапханада болғанда студент жаргонына тән сөздерді қолданады. Мысалы, оқу залы оларға «читалка»,жатақхана—«общага»,оқытушы—«препод»,стипендия—«степешка».Оқу ғимаратынан тыс жерлерде қоғамдық көлікті «маршрутка», интернет орталығын «инет» дейді. Осы мәселеде студенттер оларды түзетуге, дұрыстауға тырыспайды, сондықтан оқу ғимаратындағы күнделікті қарым-қатынаста осы жаргон сөздермен сөйлеседі. Әрине бұл жаңа жаргон сөздердің кең таралуына әкеп соқтырады. Мұның өзі біздің еліміздегі тіл мәдениетінің төмендігін білдіреді.

Адамның жасы неғұрлым ұлғайған сайын, соғұрлым оның жаңа, жаргон, дисфемизм сөздерді қолдану дәрежесі кемитінін мына диаграммадан еркін байқауға болады:

Қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшыныстарын әлемді жаулаған компьютер алмастырып отыр. Жаһанданудың жалынды жетістігі өмірдің жан-жақты жетістігін өтеп отыр. Дамудың мықты үлгісі бүгінгі жастарды толықтай баурап алды. «Интернетке тәуелділік» сияқты жүйке дерті атауы да ғылыми айналымға енгеніне біраз жыл болып қалды. Интернеттің, дәлірек айтқанда агент жүйесінің тек жүйке жүйесіне емес, тіл мәдениетіне де әсер тигізетіні бәрімізге мәлім шығар. Интернетте қазақ тіліндегі сайттар көбірек болса бір сәрі. Қазақ тілі интернетте кешеуілдеп дамып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Қазіргі жастар көп пайдаланатын «онлайн агент» жүйесінде қазақ қарпі жоқ. Негізінен орыс, ағылшын тілдері бекітілгендіктен бұл жүйеде қазақша сөздің мағынасы да, грамматикасы да өзгеріп сала береді. Мысалы, онда төл әліпбиіндегі ә, і, ң, ғ, ү, ұ, ө қаріптері жоқ. Сонда қазақша диалогтер мынадай түрде жүргізіледі:

- Салем! (Сәлем)

- Кал калай! (Қал қалай?)

- Жумыста не жаналык? (Жұмыста не жаңалық)

Бұл «агенттіктердің» қалыпты амандасуы, хал сұрасуы. Ә—а, қ—к, ұ—у болып шыға келді.

- Карилер ымды тусинбейди (Кәрілер ымды түсінбейді)

Мұндағы «кари» деген сөзді ежелгі тайпалардың бірі ме дерсің. Қазақ тілінің сөздік қоры бай болғандықтан мағынасы өзгеріп сала береді. Ең сорақысы көпшіліктің «сақау грамматикаға» көзінің үйренгені.Кезектесіп диалог түрінде әңгімелесіп отырған бейтаныс екі адамның агенттегі әңгімесі былайша өрбитіні бәрімізге таныс:

- Привет

- Салем

- Мы знакомы?

- Нет, но бирак сиз маган озиниз жаздыныз гой!

- Кай жактансыз?

- Карагандыдан. А вы?

- Из Кокчетава.

- Ммм.

- Настроениен калай?

- Норма, сиздин ше?

- Тоже жаксы.

Қазіргі жастардың арасында қазақша мен орысшаны араластырып жазудан аралас тіл пайда болған тәрізді. Аралас тілділер қоғамы қалыптасып келе ме деген күдік те бар. Агент жүйесіндегі көп қолданылатын сөздер көбінесе шала қазақ, немесе шала орыс тілінде: Салем, Калайсын? Как ты? Кандай жаналык? Ангіме айтсай! Не айтайын? Сонымен... Сонымен сол... Неге? Жай. Солай ма? Солай. Бұл сөздер агентшілердің күнделікті қолданатын сөздері, басқаша айтқанда актив сөздері.

Ауызекі тілде қуану, өкіну, жекіру сынды сезімдерімізді білдіру үшін одағай сөздердің орнын смайликтер басады. «Мен сені сүйемін» деп уақыт шығындап жазбай-ақ, жүрек смайлигін жібере салады.Агентте қазақша сөздердің латынша жазылу нұсқасы да қалыптасып үлгеріпті. Қазақ тіліндегі бүкіл дауысты дыбыстар жойылып, дауыссыз дыбыстар латынша сайрайды;

- Slm (Сәлем)

- Dsm (Досым)

- Jnm (Жаным)

Ал енді түсініп көрейік. Онлайн агентте отыратындар бұл «жұмбақ» қыстырма сөздерді бірден түсінер.Жастар mail-agent арқылы тілдескенде сөйлемді құрмалас етіп құрып, жазып отыруға уақыт таппайды. Сондықтан да жай сөйлем түрінде ойын қысқа етіп жазуға тырысады. Агентшілер көбіне жалаң және толымсыз сөйлемдер арқылы тілдеседі. Бұдан кейін жастарымыздың көркем сөйлеуге деген құлшыныстары қайдан болсын?! Психолог Төреғали Батырханұлының пікірінше ғаламторда қысқа хабарламалар арқылы тілдесіп үйренген адамның ауызекі сөйлесу қабілеті төмендейді екен. Әрі агентте жазу арқылы тілдесуге бейімделіп қалған адам ауызекі сөйлескенде де ойын қысқа жеткізуге бейімделіп кететін көрінеді. Ал енді осы агенттің әсерінен қазіргі жастар тілі бұралып, не орысша, не қазақша емес дүбара тілде сөйлейді. Демек, жастарымыздың сөйлеу, жазу тіліне де әсерін тигізбей қоймайды.Түрлі деректер көздерінде келтірілген мәліметтер интернетке жіпсіз байланғандардың саны шамамен қолданушылардың 10 пайызын құрайтынын көрсетіп отыр. Телекоммуникация және ІТ саласында зерттеумен айналысатын ІСТ-Marketing тәуелсіз компаниясының мәліметінше, өткен жылдың аяғында Қазақстандағы интернет тұтынушылардың саны 3,16 миллионға жеткен. Яғни, халқымыздың 20%-ға жуығы интернетті пайдаланады деген сөз.

М-агент-бұл ТМД көлеміндегі осы күнгі алдыңғы қатардағы жылдам хабар алмасу бағдарламасы. Mail.ru компаниясының деректеріне сәйкес агентті айына 9 миллион пайдаланушы тұтынып, бір уақытта 2 миллионнан астам адам қосылып отырады екен. Оны қолданушылардың жас мөлшері де, әлеуметтік мәртебесі де әр түрлі. Жастар мен жасөспірімдер, үлкендер, оқушылар да М-агентті арзан әрі ыңғайлы қатынас құралы ретінде пайдаланады.Тіпті, компьютерді қойып, қалта телефонына дейін еніп алған

бұл бағдарламаның дәурені, әсіресе, жастар арасында жүріп жатыр. Тіпті агент арқылы тағдырлары тоғысып, отау тіккендер де бар екен. «Заманына қарай—амалы» деген осы шығар. Сырт көзге зиянсыз көрінетін агент өз қолданушыларына кері әсерін тигізетіні өкінішті-ақ. Тіпті, агент жүйесі әдебиетімізде жырлана бастады. Мысалға,

Жігіттің қапалысын, азалысын

Блогпенен жұбатпасаң жазалысың.

Агентсіз, интернетсіз өткен өмір

Өмірге саналмайды қазақ үшін,- деп, елімізге танымал айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы әзілдейді. Бұл әзілдің астарында зіл жатқанын аңғару қиын емес. Халықаралық «Шабыт»фестивалінің екі мәрте лауреаты, Гран-при жүлдесінің иегері Бауыржан Қарағызұлы да бұл тақырыпты өз жырына қосып:

Кірпігіңе Күн шомылып, сезім күлген арайлым,

Ғаламтордан ғажайып суретіңе қараймын...,

Монитордан мөлдіреп жүрегімді гүлдеттің,

Махаббаттың самалын сезінбеппін, білмеппін!

Бақыт деген осы ма?!- деген жолдар кездесетін «Онлайндағы сезім уілі» атты лирикалық өлең тудырды. Ұялы телефондар пайда бола бастағанда ондағы бағдарламалық операцияларға да таң-тамаша болып, өздерінше жаңа тақырып тауып, шығарма тудырса, агенттің айбары асып бара жатқан тәрізді. Сондай-ақ, күндіз-түні агентті айналшықтайтындар «ауру қалса да агент қалмайды» деп қалжыңдағанымен, кәдімгі жүйке дертіне шалдығып, тіл мәдениеттеріне теріс әсерін тигізуін байқамай қалады.

Майл-агент қазіргі жастарды жібермей, өзіне матап тұрған тылсым күш тәрізді. Бүгінгі жастар «Агенті бардың күні—жарық, агенті жоқтың күні—қаріп» дегеннің кебін киіп отыр. Біздің ақпарат және байланыс агенттігі әлі күнге дейін mail.kz-пен қазақшасы тәуір агент жүйесін жасай алмай отыр. Агенттің тұтқындары ертеңгі таңда ауызекі сөйлескенде де: «Салем! Кал калай?» деп жүрмесе болғаны.Алайда, қазіргі жастардың тіл мәдениетінің төмен болу себебі тек қана агент жүйесіне келіп тіреліп қалып отырған жоқ. Кеңес үкіметінен бастау табатын бұл факторлар бүгінгі таңдағы заман ағымымен астарласып жатыр. Кешегі социалистік дәуірде тарихи жағдайларға байланысты өз жерінде, өз елінде қысым көрген ана тіліміз өшіп кете жаздаған еді. Орысша оқыған сол кездегі қазақтардың тіл жұтаңдығы бүгінгі жастарға да әсерін тигізбей қоймас. Оған бертін келе нанотехнологияның күрт өркендеуі, батыс мәдениетінің кері әсері, әр түрлі теріс діни ағымдар қосылуда.

Тіл мәдениеті деген ұғым тілдің мәдениетке қатысты екенін аңғартпайды, тілдік тәсілдердің кемелдену, ширау, жүйелену дәрежесінің қандай екенін меңзейді. Сондықтан сөйлеудегі, жазудағы тіл жұмсаудың өнегелі үлгілері, сауаттылық, ізеттілік, т.б.тіл мәдениеті дегенге енеді. Осы тұрғыдан қарағанда, халықты тіл мәдениетіне үйрететіндер-баспасөз қызметі, теледидар. Кейде баспасөз бетінде, жеке кісілердің сөзінде де тіл мүкістігі, тіл мәдениетінің ақауы байқалып жүр. Бұл бара-бара «тіл ауруына» айналуы мүмкін. Сондықтан сөйлеуде, жазуда кездесетін кемшіліктерді дер кезінде қоғам тезіне салып отыру керек. Мұндай кемшіліктер жергілікті жерлерге еліктеушілік,көбінесе,Жазушылар қауымындағы адамдар арасында кездеседі. Мысал үшін, «Арқа ажары» газетінде (№99, 27 тамыз, 2011жыл) Қытай Халық Республикасында туып-өскен қандасымыз Сағатбек Ахметқажыұлының елімізге оралғаннан кейінгі шығарған өлеңдері жарық көрді. Оқып отырсақ, іші толған көнерген, архаизм сөздер екен. Әму түн, масалаң, бөрте, нән аспан, сәбә, мизам, күшәләлі, шәкене, шәлкеде, кебін, жалмар секілді бүгінгі жастардың мұрнына иісі де сезілмейтін сөздер. Осындай көнерген сөздер арқылы жастарымызға тілімізді сүйдіре алмайтынымыз ақиқат.

Бүгінгі жастардың тіл жұтаңдығының себептері неде?

Қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесі, қоғамдық беделі тілдің үш тұғырының дұрыс дамуына тікелей байланысты, олар:

§ Басқару жүйесі;

§ Ғылым-білім саласы

§ Бұқаралық ақпарат құралдары.

Егер осы үш жүйеде тіл дұрыс емес, яғни өз деңгейінде қолданылмаса, тілдің беделі төмендей береді.Ал тіліміздің жұтаң тартуының басты себебі, біріншіден, осы үш саладағы тіл қолданысының сын көтермеуі.

Екіншіден, мектептерде, тіпті жоғары оқу орындарында да «Тіл мәдениеті» пәніне сағат аз бөлінген. Мәселен, мектептерде бұл пән қосымша пән ретінде оқытылады, ал бүгінгі күнде, игеруге тиісті негізгі бағдарламамен басы қатып отыратын оқушының «Тіл мәдениетін» оқуға ынтасы болмақ түгілі, уақыты жоқ. 10-сыныпқа «Сөз мәдениеті», 11-сыныпқа «Сөз мәдениеті және шешендік өнер» пәндері енгізіліпті. Алайда, бұл пәндерді оқыту мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындаудың көлеңкесінде қалып қойып, өз деңгейінде жүзеге асырылмай отыр. Сонымен қатар бұл пәнді оқытатын арнайы білімі бар педагог мамандар жоқ.

Үшіншіден, біздің елімізде сөз мәдениетін оқытуға арналған оқулықтар, көмекші құралдар атымен жоқ. Ал оларды даярлау үшін қыруар қаржы және мемелекеттің арнайы тапсырысы керек.

Біздің 100 томдық ауыз әдебиетіміз бар. Неткен байлық! Осы байлық тың секілді игерусіз жатыр. Бүгінде кез келген бала «беті табақтай» дегеннен гөрі «беті компьютердің мониторындай» дегенді тезірек ұғады. Бір сөзбен айтқанда, көркем сөйлеу, көркем жазу күнделікті қолданыстан шығып барады. Мұның арты тілдің өзіндік бояуын жоғалтуға, тілдік нормалардың бұзылуына, айналып келгенде, қазақ тілінің толықтай құнарсыздануына әкеліп соғады.

Сондай-ақ, жастардың тіл мәдениетінің төмен болу себептеріне тағы да:

1.Отбасында балалардың сөз әдебіне, тіл мәдениетіне жеткілікті дәрежеде мән берілмеуін;

2.Айналасындағы достарының дөрекі сөздерді қолданып сөйлесулерін;

3.Көркем әдебиетті оқуға деген оқушылардың қызуғушылығының бәсеңдігін;

4.Кей мұғалімдердің өздерінің тіл мәдениетінің төмендігін

жатқызуға болады.

Тіл мәдениетінің жоғары болуына қойылатын талаптар да жоқ емес. Ол үшін ең алдымен жоғары жақтағы аға-апайларымыздың өздері де теледидарда болсын, күнделікті жұмыс орнында болсын қазақша сөйлеп, жастарға үлгі көрсетулері керек. Біздің ойымызша,тағы бір ескеретін жағдай, бастауыш сынып оқушыларына оқулық даярлағанда тілдің теориялық негіздерін оқытудан гөрі, сөйлеу тіліне машықтандыру мәселесі көбірек ескерілсе, ұтымды болар еді. Мысал үшін, Қазіргі таңда Ресей елінде бастауыш сыныптардан бастап «Руский язык» пәні емес, «Русская речь» пәнін оқытуға қатты ден қойылуда, бұл ойлантатын мәселе. Ержан Омарұлы өз сөзінде: «Бұхар жырау, Дулат, Махамбет, Абайлар қазақ тілінің теориялық курсын меңгермей-ақ тамаша өлеңдер жазған ғой»,-дей келіп, қазақ тілінің теориялық курсын жалаң оқытудан бірте-бірте бас тартып, оқушылардың сөйлеу тілінің негіздерін меңгеруіне баса көңіл бөлу қажет деп айтқан екен. Біз Кеңес Одағының білім жүйесін қанша жамандағанымызбен, ол кезеңнің жақсы қырларын да айтпай болмайды. Тіл мәдениетіне қатысты айтар болсақ, ол кезде жоғары оқу орындарының барлық факультеттерінде «Қазақ тілінің стилистикасы», «Тіл мәдениеті», «Шешендік өнер» деген пәндер оқытылды. Ал бүгінде тәуелсіздік алғаннан кейін, бөркімізді аспанға атып жүрген уақытта бұл пәндер оқу бағдарламасынан алынып тасталды. Ал, осыдан кейін жастардан тіл тазалығын, тіл көркемдігін, сөйлеу әдебін қалай талап етесіз?

Алайда, тіл тазалығы үшін күрес тоқтамауы тиіс. Бірінші кезекте, мектеп мұғалімдері тілдің тазалығы үшін күресуге тиіс болса, одан кейін, теле, радио журналистері күнделікті сөйлеу тіліне абай болуы керек. Францияда тіл тазалығын қамтамасыз ету үшін тиісті заңнамалар қабылданған. Мысалы, Түркиядағы Ататүрік реформасы түрік тілін барынша оңтайландырды. Бір ғана біздің Көкшетау қаласында «микрорайон» деген сөз «ықшамаудан», «шағынаудан», «мөлтекаудан» болып үш түрлі жазылады. Ал қазақ тілін үйренемін деген өзге ұл өкілдері осының қай нұсқасын қабылдауы тиіс?

Іс-қағаздар қазақша қатесіз толтырылып, көшедегі жарнамалар ана тілімізде сайрап тұруы қажет. Өткен тарихымызға үңіле отырып, ақын-жазушыларымыздың шығармаларын ел арасына жоғары дәрежеде насихаттауымыз қажет. Балаларды қазақ болғаны үшін ғана қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүрлемей, ән мен жыр арқылы тілін дамытып, өз мәдениетіне деген құрметін арттыруға болады деген ойдамыз.Қорытындылай
келе айтарым -жастық шақ-рухани қор жинау кезеңі,бала кезден жастарға білім алып, жақсыдан ғибрат, оны көкейге түюге дағдылану керек. Осының бәрін ескере отырып, жастарымыз сөйлеу мәдениетін сақтап, «сөз арасын бөтен сөзбен былғамай», тілімізді талан-таражға салмаудың амалын қарастыруы тиіс. Сондықтан тілімізді құрметтеп, аялауға бағытталған мақсаттар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Айта-айта «Алтайды» Жамал апам қартайды» дегеннің кебін киіп отырмай ,

«Көш жүре түзеледі» дейді халқымыз.Көш жүрді. Ілгері басып келе жатқанымызға 20 жыл болып қалды. Ардақты ана тіліміздің де бағы жанып, әр уақытта биіктен көрінетінін кезі жетті .

Ақиық ақын Мұқағалиша айтар болсақ:

...Ал екінші бақытым—тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

«Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дегендей, өзге тілдің жетегінде жүрген қандастарымыз да ойланар, тілімізге мойнын бұрар.

«Егер туған тілім ертең жойылар болса, мен бүгін өлуге даярмын»,- деген ақын Расул Ғамзатовтың сөзі бүгінгі жастардың жүрегінде ойып тұрып орын алатынына мен сенімдімін.

Ұрпағымыз ұлт тілін қадір тұтып, ұлағатты болып өссін деп тілейік. Ол үшін тәрбие тал бесіктен басталатынын ұмытпағанымыз абзал.

 


Поделиться:

Дата добавления: 2015-04-16; просмотров: 3354; Мы поможем в написании вашей работы!; Нарушение авторских прав





lektsii.com - Лекции.Ком - 2014-2024 год. (0.008 сек.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав
Главная страница Случайная страница Контакты